«Алтын глобус» (ағылш. Golden Globe Award) — халықаралық кино мен телевизия саласындағы үздік жетістіктер үшін берілетін марапат. Бұл салтанатты шара 1944 жылдан бері жыл сайын өнер иелері мен кәсіби мамандардың еңбегін ұлықтау мақсатында өткізіліп келеді.
Әдетте рәсім жыл сайын қаңтар айында өтеді. Ол киноиндустриядағы «марапаттар маусымының» маңызды бөлігі болып саналады және бұл кезең жыл сайын «Оскар» сыйлығымен аяқталады. Үміткерлердің жұмыстары 1 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығындағы кезең бойынша бағаланады. Америкалық киноиндустрияда бұл марапат беделі жағынан «Оскардан» кейінгі екінші орында саналып келеді.
Бұл марапатты ең алғаш Голливудтың шетелдік баспасөз қауымдастығы (HFPA) — АҚШ-тың шоу-бизнес әлемін зерттейтін шетелдік журналистер тобы ұйымдастырған.
Алайда 2022 жылы бұл қауымдастық үлкен даудың ортасында қалды. Оларды «мүшелерінің арасында әртүрлі ұлт өкілдері аз» және «жұмысы ашық емес» деп айыптап, көптеген жұлдыздар мен компаниялар бойкот жариялады. Осы жағдайлардан соң, уақытша басқарушы Тодд Боэли «Алтын глобус» сыйлығын қайта құрылымдау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
2023 жылдың 12 маусымынан бастап барлық өзгерістер күшіне енді:
«Алтын глобус» сыйлығы толығымен жеке меншік, коммерциялық жобаға айналып, оны Dick Clark Productions компаниясы сатып алды. Ал қауымдастықтың бұрынғы қайырымдылық жұмыстарымен енді жаңадан құрылған Golden Globe Foundation қоры айналысатын болды.
Тарихы
Голливудтағы шетелдік баспасөз қауымдастығы (HFPA) 1943 жылы Лос Анжелесте тұратын шетелдік журналистердің бастамасымен «Голливудтағы шетелдік тілшілер қауымдастығы» (HFCA) деген атаумен құрылды. Олардың мақсаты — Голливудтағы кино жаңалықтарын жинау және оны шетелдік басылымдарға тарату жұмысын жақсырақ ұйымдастыру болды.
Ұйымның алғашқы ірі жобаларының бірі — кино саласындағы жетістіктерді ұлықтау мақсатында «Оскар» сыйлығына ұқсас салтанатты рәсімді бекіту еді. 1943 жылғы кинотуындылардың үздік жетістіктерін марапаттаған алғашқы «Алтын глобус» рәсімі 1944 жылы қаңтарда 20th Century Fox студиясында өтті. Кейінгі онжылдықта марапаттау рәсімдері түрлі орындарда, соның ішінде «Beverly Hills Hotel» және «Hollywood Roosevelt Hotel» қонақ үйлерінде өткізіліп тұрды.
Алғашқы рәсімнің сәтті өтуі бұл сыйлықтың болашақта беделді Америкалық киноакадемия («Оскар») марапатына тәуелсіз балама ретінде дамуына жол ашты. Кино мен теледидардағы жетістіктерді тәуелсіз әрі бейтарап бағалау мақсаты қойылғанына қарамастан, уақыт өте келе «Алтын глобус» сыйлығы «Оскардың индикаторына» айналды. Егер екі сыйлықтың тарихын тұтастай алсақ, «Оскар» алған фильмдердің үштен екісінен астамы оған дейін «Алтын глобуспен» марапатталғанын көруге болады.
1952 жылы «Үздік фильм» номинациясы бойынша кинотуындыларды драмалық және комедия немесе мюзикл деп бөлу туралы маңызды шешім қабылданды. Мұндай бөлініс «Үздік актер» және «Үздік актриса» номинацияларына да қатысты болды. Ал 1956 жылдан бастап «Алтын глобус» түрлі номинациялар бойынша телевизия саласындағы жұмыстарға да беріле бастады.
Алтын глобус номинациялары
Кинематографиялық санаттар
Кино саласындағы негізгі санаттар:
| Номинация | Ағылшынша атауы | Қай жылдан бері бар |
| Үздік фильм — драма | Best Motion Picture – Drama | 1944 |
| Үздік фильм — комедия немесе мюзикл | Best Motion Picture – Musical or Comedy | 1952 |
| Үздік режиссура | Best Director | 1944 |
| Үздік актер — драма | Best Actor – Drama | 1944 |
| Үздік актриса — драма | Best Actress – Drama | 1944 |
| Үздік актер — комедия | Best Actor – Musical or Comedy | 1952 |
| Үздік актриса — комедия | Best Actress – Musical or Comedy | 1952 |
| Үздік сценарий | Best Screenplay | 1947 |
| Номинация | Ағылшынша атауы | Қай жылдан бері бар |
| Үздік көмекші актер | Best Supporting Actor | 1944 |
| Үздік көмекші актриса | Best Supporting Actress | 1944 |
| Үздік фильм музыкасы | Best Original Score | 1947 |
| Үздік фильм әні | Best Original Song | 1962 |
| Үздік шет тіліндегі фильм | Best Foreign Language Film | 1950 |
| Үздік анимациялық фильм | Best Animated Feature Film | 2007 |
| Кинематографиялық жетістік | Cinematic and Box Office Achievement | 2024 |
| Сесиль Б. Де Милль атындағы сыйлық | Cecil B. DeMille Award | 1961 |
Телевизиялық санаттар
Телевизия саласындағы жетістіктер үшін марапаттар 1956 жылдан бастап беріледі. Қазіргі уақытта келесі санаттар бойынша табысталады:
| Номинация | Ағылшынша атауы | Қай жылдан бері бар |
| Үздік телесериал — драма | Best Television Series – Drama | 1962 |
| Үздік телесериал — комедия немесе мюзикл | Best Television Series – Musical or Comedy | 1962 |
| Үздік мини-сериал немесе телефильм | Best Limited Series or TV Movie | 1972 |
| Үздік актер — драмалық сериал | Best Actor – TV Series Drama | 1961 |
| Үздік актриса — драмалық сериал | Best Actress – TV Series Drama | 1961 |
| Үздік актер — комедия немесе мюзикл | Best Actor – TV Series Musical or Comedy | 1961 |
| Номинация | Ағылшынша атауы | Қай жылдан бері бар |
| Үздік актриса — комедия немесе мюзикл | Best Actress – TV Series Musical or Comedy | 1961 |
| Үздік актер — мини-сериал | Best Actor – Limited Series or TV Movie | 1982 |
| Үздік актриса — мини-сериал | Best Actress – Limited Series or TV Movie | 1982 |
| Үздік көмекші актер — телевизия | Best Supporting Actor – Television | 1971 |
| Үздік көмекші актриса — телевизия | Best Supporting Actress – Television | 1971 |
| Үздік стендап-комедия орындауы | Best Stand-Up Comedy Performance | 2024 |
| Кэрол Бернетт атындағы сыйлық | Carol Burnett Award | 2019 |
Аудио марапаттар
2026 жылдан бастап «Алтын глобус» сыйлығы аудио контент саласындағы үздік жетістіктерді де марапаттай бастады:
НоминацияАғылшынша атауыҚай жылдан бері барҮздік подкастBest Podcast2026Ескірген номинациялар
| Номинация | Ағылшынша атауы | Жылдары |
| Халықаралық өзара түсіністікті нығайту | Promoting International Understanding | 1945 — 1964 |
| Жылдың жаңа жұлдызы — актер | New Star of the Year – Actor | 1948 — 1983 |
| Жылдың жаңа жұлдызы — актриса | New Star of the Year – Actress | 1948 — 1983 |
| Үздік операторлық жұмыс | Best Cinematography | 1948 — 1963 |
| Жасөспірімдердің үздік өнері | Special Award – Juvenile Performance | 1948 — 1959 |
| Генриетта сыйлығы (Әйел) | Henrietta Award (Female) | 1950 — 1979 |
| Генриетта сыйлығы (Ер) | Henrietta Award (Male) | 1950 — 1979 |
| Үздік ағылшын тілді шетелдік фильм | Best English-Language Foreign Film | 1957 — 1973 |
| Үздік деректі фильм | Best Documentary Film | 1972 — 1976 |
